∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Төрехан дастаны

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Төрехан дастаны
3. Авторы (Айтушы)
Атаубай Мәмбетұлы (1932-1973) – ақын, жыршы, термеші, сазгер. Қарақалпақ АССР-і, Қоңырат қаласында туып-өскен. Жас кезінен өлең-жырға, ән мен өнерге құмар болып, өміріне серік еткен. Ол Қоңырат қаласындағы қазақ орта мектебінде белгілі ақын Төлеген Айбергеновпен бірге оқыған. 1952 жылы Нөкістегі қарақалпақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны үздік бітіреді. Институттан соң Қоңыраттағы М.Горький атындағы орта мектепте мұғалім болып, кәсіподақ ұйымдарында қызмет істеген. Мәмбетұлының “Жаралғалы бұл дүние”, “Қалам алып хат жаздым”, “Досыңнан жазатайым сөз естісең” т.б. термелері және сөзін де, әнін де өзі шығарған “Шынар-ай!”, “Көкшетау”, “Іңкәр-ау!”, “Дейді екендер, дейді екен!” деген шығармаларын және бірнеше көлемді жыр үлгілерін қалдырған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Қыдырәлі Саттаров (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді. Рабиға Сарыбаева.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1978 жылы Қоңырат қаласы, Орджанекидзе көшесі, 11-үйде жазылған. 1978 жылғы “Амудария құйылысындағы қазақ фольклорын жинау” экспедициясы.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/15
8. Бет, жол саны, өлшемі
56; 34; 20х30; 10х27
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Қолжазба ақ түсті кеңсе қағазына қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Баяғыда Темірхан хан алғаш Нұрадын ханның қызы Сәулеге үйленгенімен, ұзақ уақыт перзент сүйе алмайды. Кейін түрікпен ханы Қараманның қызы Қарашашты әйелдікке алады. Қарашаштан Егізбай мен Сегізбай атты екі ұл дүниеге келеді. Темірхан олардың құрметіне арнайы сарай салдырып, уақытын көбіне сол отбасымен өткізеді. Бұған ренжіген Сәуле өз тегінің де хан әулетінен екенін айтып налиды. Қырық тоғыз жасында Сәуле егіз ұл мен қыз дүниеге әкеледі. Ұлына Төрехан, қызына Ханбибі деген ат қойылады. Біраз уақыттан кейін Темірхан қайтыс болып, ел ішінде хан сайлау мәселесі көтеріледі. Бұл кезде Егізбай мен Сегізбай ел басқару ісінде тәжірибе жинап, ерлігімен танылған азаматтар болса, Төрехан жастығына байланысты мемлекеттік істерге араласпаған еді. Хандыққа үміткерлер талқыланған кезде жастар Сегізбайды қолдайды. Алайда ақсақалдар Төреханның анасы Нұрадын ханның қызы болғанын, ал Егізбай мен Сегізбайдың нағашы жұрты қалмақ екенін алға тартып, хандыққа Төреханды лайық деп таниды. Халық тілегімен Төрехан хан көтеріліп, алтын таққа отырады.
13. Басы:
Сөзге шебер сұңғыла Елден шыққан бір залым.
14. Соңы:
Ерлік пенен ізгілік, Зұлымдықты жеңген тек.
15. Қосымша мәлімет
Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш