Сыңсу мазмұнынан қыздың тым алысқа ұзатылып бара жатқаны аңғарылады. Қыз аулының басқа қонысқа көшіп бара жатқаны да айтылған. Қыз басында теңдігі жоқ өзін «мұңдық» сезінеді. Әуелі анасымен, сосын жеңгесімен және әкесімен, аға-бауырларымен қош айтысады. Әкесіне еркелеп-ақ өскенін де сөзге қосады. Өзін керегі жоқ затқа да теңейді. «Жылама» деп жұбатқанмен де, басындағы жайдың жылатпай қоймайтынын айтады. Сыңсудың соңғы шумағында басына сәукеле кигеннен кейін, өмірінің басқа кезеңі басталғанын да қосады.