∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Тәуке батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Тәуке батыр
3. Авторы (Айтушы)
Жағыпарова Махфуза. Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Боран селосының тұрғыны.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Қорабаев Серікқазы – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 1957 жылы Абай облысы, Жарма ауданы, Белтерек ауылында дүниеге келген. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көп жылдар еңбек етті. Ақтайлақ би, Дулат Бабатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Сабырбай, Түбек және басқа да тарихи тұлғалар туралы еңбектер жариялаған. Ол қазақ әдебиеті мен тарихының көптеген көмескі беттерін зерттеп, архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізуге, ұлттық мұраны насихаттауға елеулі үлес қосқан. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, институттың Қолжазба қорына тапсырған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Белгісіз
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
876
8. Бет, жол саны, өлшемі
9; 26; 20,5х17; 18х15
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Дәптерге қара-көк сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Тобықты мен керей елі бір-бірімен барымта алысып, ерегес туады. Керейлер тобықтының Ыбырай есімді азаматын тұтқындап әкеткеннен кейін, кек қайтару мақсатымен Тәуке батыр жетпіс жігітті бастап Керей еліне аттанады. Жорық барысында Тәукеге жолыққан бір әйел оның бұрын тобықтының кесірінен Ақмолаға айдалғанын еске салып, не себепті сол елдің намысы үшін атқа қонғанын сұрайды. Батыр әйелдің сауалдарына өз өмір жолы мен тағдырын меңзейтін жауаптар береді. Тәуке серіктеріне керейдің жылқысын айдап кетуді тапсырып, өзі қуғыншылардың жолын бөгеп қалады. Барымташылардың соңынан Көкбестіге мінген керей батыры Жекебай қуады. Тәуке алдымен оның астындағы атын атып құлатады, кейін қайта ұмтылған Жекебайды атып өлтіреді. Тобықтылар Тәукенің арқасында керей елін шауып, жылқысын барымталап қайтады.
13. Басы:
Базардан бақша-бақша бөз келеді, Атқан оқ ажалдыға кез келеді.
14. Соңы:
Атыңнан айналайын, Хақ Тағалам, Ғаламға он сегіз мың болар панаң.
15. Қосымша мәлімет
Қолжазбаның беттері кірлеген, кейбір жерлерінің жазуы өшкен, 3-парағы ортасынан жыртылған.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш