Қалмақ пен қазақтың ел шабысқан дауларын бітістіруде Қазыбек айтты деген үш биліктің бірінің тарихы айтылады. Қазыбек би өзіне қараған елін қалмақтың шабуылынан аулағырақ қонысқа ірге тептіру үшін Сарыарқаның жерін шолып қайтуға кетеді. Бұл хабарды естіген қалмақтың ханы дереу қол аттандырып Қазыбектің елін шаптырып алады. Қалмақ қолы малмен қоса жүзге тарта ер балаларды да байлап әкетеді. Оның ішінде Қазыбектің өз баласы Қазымбет те кетеді. Сарыарқаны қоныстыққа ұнатып, елге қайтқан Қазыбек өзі басшы болып қалмаққа екінші рет жол тартыпты. Атағы жер жарған Қазыбектен жасқанған Қоңтәжі хан бітім жасауға көнеді. Бірақ ер балалардың ішінен Қазымбетті қайтармау үшін, балаға құн төлеу ниетін білдіреді. Бірақ қалмақ ханының қулығын сезген Қазыбек би шешендігінің арқасында бұл жолы да шапқыншылыққа түскен балалармен қоса малын, жоғалған малының төлеуін алып қайтады.