Аңызда Төле бидің басқаруымен өткен үлкен астағы дау туралы айтылады. Екі ай бұрын сауын айтылған осы асқа Арқадағы арғындардың игі жақсылары артынып-тартынып, зор салтанатпен барған екен. Думан тойдан аты шауып, балуаны жығып, жамбысы атылып, асы ішіліп, енді тартқар кезде тойдың соңы дау-жанжалға ұласады. Үйсіннің сиқым, жаныс дейтін екі руының беделді бір мырзасы асқа келген арғын жігітінің жаппай ақкүміс ер-тұрманына қызығып, көптің көзінше аттан аударып, тартып алады. Ерге таласқан екі елдің даугерлері Төле биге жүгініске келеді. Төле би екі жақтың сөзін тыңдап болған соң, даугер мырзаның пайдасына шешіпті. Төленің әділетсіз билігіне наразы болған көптің ішінен жасөспірім Қазыбек сурылып шығып, билігін айтады.