Кенесары қырғызды шауып келе жатқанда, абайсызда жолдан Жоламан батырдың бес биесі қосылып кетеді. Өзі келмесе биелердің қайтпасын сезген тоқсан жастағы Жоламан батыр Кенесарының үйіне кеп түседі. «Бұл не қылған шал» деп хан жөн сұрамайды. Сонда Жоламан: – Кенжежан, сен менің жөнімді де сұрауға еріндің-ау, мен сенің бабаң Абылайдың тұсында асық атқан бала едім, әкең Қасымның тұсында қол бастаған дана болдым. Шырағым, сенің тұсыңда бес биеден айырылған Жоламан деген шал едім, − деп қапаланып, бозойнақты ерттетіп беруін сұрайды. Сонда Кенесары орнынан атып тұрып, әкесінің аманаттап кеткен алтын шақшасын табыстайды. Бес биеге жүз жылқы қосып, айдатып апарып салады.