Аңызда бірнеше оқиға жайында айтылады. Жиренше шешен бала кезінде Әз Жәнібек ханға кездесіп қалып, елсіз жерде неғып жүргенін сұраған ханға, түйесінің жоғалып, соны іздеп жүргенін айтады. Түйесін неге тұсамағанын сұрағанында, тұсауының өліп қалғанын, яғни әкесінің жоқтығын тұспалдап айтады. Хан қай үйге қонуға болатынын сұрағанда, екі қой жейтін болса өзінің үйіне қонуға болатынын айтады. Буаз саулықты әкеліп, бағана айтқан сөзінің мәнісін түсіндіргенде, хан баланың тапқырлығына қайран қалған екен. Тағы бірде хан қырық уәзірін шақырып алып, өтірік пен шынның айырмасын табуға бұйырады. Бұл сөзді біреу болмаса біреу білер деген үмітпен Жиренше бала ел кезіп, бір шаһарға келеді. Сол шаһардың патшасының қызын некелеп алып, уақыты келгенде еліне қайтады. Жәнібек ханның жұмбағының жауабын жары табады.