Ертеде Бақтияр деген ханның мекені Бесқала маңындағы Төрткел таудың Көкше жағындағы Қарабұлақ деген жер екен. Бақтияр ханның алты баласы, бір қызы болады. Қызының аты – Қаншайым. Ол жастайынан палуандық пен шешендік өнерді меңгеріп, әкесінің рұқсатымен Оймауыттың ойындағы Миялы жайлауына қоныстанып, қыздарға арнап қамал тұрғызады. Қаншайым ел ішінен таңдаулы қырық қызды жинап, атқа мінуге, жауынгерлік өнерге, қару қолдануға және соғыс тәсілдеріне үйретеді, қырық қыздан құралған ержүрек жасақ құрады. Қаншайым мен қыздар жаттығуда жүргенде қалмақ ханы Қараша Бақтияр ханның еліне шабуыл жасап, әкесін өлтіреді. Мұны естіген Қаншайым қырық қызды бастап жаудың соңына түсіп, айдап әкеткен мал-мүлікті қайтарып алады, Қараша ханнан әкесінің кегін қайтарады. Батыр қыздардың ерлігіне сүйсінген халық олардың құрметіне «Қырық қыз» қаласын тұрғызады. Қаншайым жекпе-жекте көзге түскен Алшара батырмен бас қосады, Білеу атты ұл туады. Баланың атына қорған салады, Білеулі қорғанының халқы бейбіт өмір сүріп, мұрат-мақсатына жетеді.