∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Қарасай, Қази, хан Әділ дастаны

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Қарасай, Қази, хан Әділ дастаны
3. Авторы (Айтушы)
Қалбаев Өмірзақ (1926-2008) – ақын, жыршы, шежіреші. Қарақалпақ АКСР-і, Шоманай ауданы, Шоманай ауылында туып-өскен. Ауылдық жерлерде шаруашылық қызметтерін істеген. Жасынан өлең, жырға құмар болып, ағасы Сабырға, әкесі Қалбайға еліктеп өседі. Әкесі қисса жинап таратқан ескіше сауатты адам болады. Ол сондай-ақ шежіре, тарихи сарындағы өлең-жырлар шығарған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Саттаров Қыдырәлі (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді. Ерімбетова Дүрия
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Қыдырәлі Саттаров М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/24
8. Бет, жол саны, өлшемі
183; 27; 20х30; 9х24
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Кеңсе қағазына қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Қарасайдың әке аманатын орындау жолындағы ерлігі баяндалады. Анасының ақылымен ол жауға жалғыз аттанбай, Қырымдағы Әділ хан мен Қырымның қырық батырына хабар беріп, қалың қол жинайды. Қызылбасқа баратын жолдың қиын екенін Қоянақ қарт ескертсе де, жорық тоқтатылмайды. Тар жолмен үлкен әскер өте алмайтындықтан, қол үш топқа бөлінеді: бірін Қарасай мен Қази, екіншісін Әділ хан, үшіншісін Исаұлы Ахмет бастайды. Қарасай мен Қази жауды жеңіп қайтқанымен, Әділ жау қолына тұтқынға түседі. Осы кезде Әділдің шешесі мен қарындасы Ілияға құлдары Омар мен Оспан зорлық көрсетпек болады, бірақ олар өзара тартысып, бірін-бірі өлтіреді. Қарасай мен Қази Әділді іздеп жүргенде, анасы аян беріп, оның жатқан зынданын көрсетеді. Батырлар досын тұтқыннан босатып, Қызылбас әскерін жеңіп, елге аман-есен оралады.
13. Басы:
Әлеумет айтам әріден, Ұлы нұсқа желіден.
14. Соңы:
Халықтың асыл мұрасын Мен Өмірзақ жинақтап…
15. Қосымша мәлімет
Ерімбетова Дүрия Өмірзақ Қалбаевтың қолжазбасынан жазып алған.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш