Ертеде Мұса деген биден отыз ұл қалады. Отыз ұлдың ішінде Мамай би болып, ел биледі, Орақ батыр болып, ел қорғайды, еліне өте қадірлі болады. Мұса бидің қалған балалары Қарабатыр Тілеке, Алшы, Смайыл – Тобаяқ бұларды күндейді. Ағайындарының қызғанышынан Орақ қастандықпен есіктегі құрулы алмасқа жараланып, қайтыс болады. Артында анасы Қараүлек, бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр әйелі, балалары Қарасай, Қази, Қибат қалады. Әкесінің кегін алуға тиіс болған Қарасай алғашында жорыққа шықпайды. Анасының намыс сөзінен кейін ат іздеп, Көкше батырдан көк бура атты алады. Қарындасы Қибаттың қолдауымен жаудың соңынан аттанады. Жорық барысында Алшы, Смайыл–Тобаяқ және Тілеке жаудан қорқып кері қайтпақ болады, бірақ Қарасай райынан қайтпайды. Оның жанында тек Ер Тарғын қалады. Кейін Қази де ағасының соңынан жетіп, бірге шайқасқа қатысады. Қалмақтың ханы әрі батыры Бөріханды Қази жекпе-жекте жеңеді. Қалмақ әскері жаппай шабуыл жасағанымен, Қарасай, Қази және Ер Тарғын ерлікпен шайқасып, жауды жеңіп, елге аман-есен оралады.