∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Қарасай, Қази

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Қарасай, Қази
3. Авторы (Айтушы)
Иманғалиұлы Қайролла (1907–1990) – атақты жырау, жыршы, дәстүрлі эпикалық мұраны сақтаушы. Әлімұлы тайпасының Кете руынан шыққан. Ол 1907 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы қазіргі Саралжын ауылында дүниеге келген. Кейін өмірінің көп бөлігін Қарақалпақстанның Амудария өңіріндегі Қожелі қаласында өткізген. Қазақтың байырғы жыр-дастандарын, әйгілі «Қырық қыз» эпостық жырын ел аузынан жинап, бүгінгі күнге жеткізуші. Қайролла Иманғалиұлы жастайынан табиғи дарынымен көзге түсіп, «жас жырау» атанған. Ол арнау, өсиет, беташар, тойбастар, шежіре және көлемді эпостық жырларды жырлаған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Саттаров Қыдырәлі (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді. Айтжанова Моншақ.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1979 жылы Қожелі қаласында Қайролла Иманғалиұлының айтуы бойынша жазылып алынған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/11
8. Бет, жол саны, өлшемі
82; 26; 20х30; 5х21
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Кеңсе қағазына қара сиямен кирилл әрпінде машинкаға басылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Жырда Орақ батыр қайтыс болғаннан кейін жетім қалған Қарасай мен Қазидың ерлік жолы баяндалады. Ел басшысыз қалмасын деп Шынтемірді хан көтереді. Қалмақ ханы Темірхан қазақ елін бағындырмақ болғанда, он бес жасар Қарасай оған қарсы тұрып, елдің бірлігін сақтап қалады. Кейін Шынтемір ханның әйелі Айтолқынның жерігін қандыру үшін Қарасай Күйген тауға барып, жеті басты айдаһармен шайқасып, оның құйрығын алып келеді. Осыдан кейін Айтолқын Әділ атты ұл мен Ілия есімді қызды дүниеге әкеледі. Арада біраз жыл өтеді, балалар он беске келеді. Өлер алдында Шынтемір балаларын Қарасай мен Қазиға аманаттайды. Темірхан айламен Қырымның қырық батырын Қызылбасқа қарсы аттандырмақ болып хат жазады. Қарасай, Қази Қырымның қырық батырымен жауға аттанады. Әділ де олардың соңынан кетеді. Әділдің шешесі түс көріп баласының басына бір қауіп-қатердің түсетінін біліп, баласын жолдан қайтармақшы болады. Батырлар Қызылбасқа баратын жолдың қауіп-қатері мол жалғыз аяқ жол екенін көріп, кері қайтпақшы болғанда, Әділ көнбей өзі аттанып, жаудың қолына түсіп қалады. Оны құтқаруға Қарасай мен Қази аттанады. Үшеуі жауды жеңіп, бәрін мұсылман дініне кіргізіп, елге оралады.
13. Басы:
Он таңбалы Үрімде, Қырық таңбалы Қырымда
14. Соңы:
Қалғандарын қалмақтың Мұсылман қылып көндіріп.
15. Қосымша мәлімет
Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш