Жүсіпов Мұзарап (1905–1972) – ақын, жырау, әнші, композитор, фольклор жинаушы, Сыр бойы жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі. Ол 1905 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы өңірінде дүниеге келген. 1915–1920 жылдары Қармақшыдағы мектепте белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтен білім алған. Оның ақындық және жыраулық өнерінің қалыптасуына ұстаздары Жиенбай жырау, Тасберген жырау, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, сондай-ақ Сыр өңірінің әйгілі ақыны әрі әншісі, өз әкесі Кете Жүсіп Ешниязов зор ықпал етті. Атасы Ешнияз сал – ХІХ ғасырдағы белгілі ақын әрі халық композиторы болған. Мұзарап Жүсіповтің алғашқы шығармалары той бастау, ат сынау, қыз бен жігіт айтысы болды. Кейін халық ертегілері мен аңыздарының желісі бойынша «Тамшы», «Үш насихат» және басқа да дастандар шығарды. Ол М. Құлмырзаев, Ә. Тұрмағамбетов, Н. Айтуаров сияқты ақындармен айтысып, Сыр бойы ақындық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде танылды. Мұзарап Жүсіпов тек ақын әрі жыршы ғана емес, шебер орындаушы және композитор болды, өз жанынан бірнеше ән шығарды. 1962 жылы оның орындауындағы 34 ән мен күй арнайы үнтаспаға жазылып алынды. Ел арасынан он мың жолға жуық халық өлең-жырларын, тарихи дастандарды, терме-толғауларды, ән мәтіндерін жинап, оларды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырды.