Базар жырау Оңдасұлы (1842–1911) – көрнекті ақын, жырау, жыршы, Сыр бойы жыраулық мектебінің аса ірі өкілі. Ол Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Руы – шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Базар 1858 жылдан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Шернияз, Абыл, Мұрат, Қашаған, Өске, Орынбай, Бұдабайлардың біріне шәкірт, біріне замандас өскен дәстүрлі жыр мектебінің бірегей өкілі. Базар жырау халық эпостарын жаңғыртып жырлаған көрнекті эпик ақын болды. Оның орындауында «Жүсіп – Ахмет», «Мақпал – Сегіз», «Айман – Шолпан» және басқа да халық дастандары кең тараған. Сонымен бірге өзі де көптеген дастандар, толғаулар мен арнаулар шығарған. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді. Оның шығармаларын М. Жұмабаев аса жоғары бағалаған, мұрасын жинастыруда Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Ә. Қайнарбаев көп еңбек сіңірді.