Жырда арғынның тобықты руынан шыққан Қожаберген батырдың елін қорғаудағы ерлігі баяндалады. Ол қалмақ батыры Ұлалымен шайқаста қаза тауып, жары Таңсұлу тұтқынға түседі. Намысын сақтаған Таңсұлу қалмаққа әйел болмас үшін мұрнын өзі кесіп, күң болып өмір сүреді. Құрсағындағы ұлы әкесінің кегін алады деген үмітпен Жапалды дүниеге әкеліп, қиындыққа қарамастан тәрбиелеп, сауатын ашады. Ержеткен Жапал әкесінің өлімінің шындығын біліп, туған еліне оралады. Туыстарынан қол жинап, қалмақтарға қарсы аттанады. Жекпе-жекте Ұлалыны жеңіп, әкесі Қожабергеннің кегін қайтарады. Кейін қалмақтың ақылды әрі сұлу қызы Таңшеберге үйленеді.