∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Едіге батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Едіге батыр
3. Авторы (Айтушы)
Бейсенбаев Тұрлан — белгілі жырау, Қарақалпақстанның Қоңырат қаласына жақын Алтынкөл ауылында тұрған. Ол түркі халықтарына ортақ «Едіге батыр» эпосы мен «Қарасай – Қази» сияқты батырлық жырлардың нұсқаларын жырлап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Саттаров Қыдырәлі (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1987 жылы шілде айында Қоңырат қаласына жақын Алтынкөл ауылында белгілі жырау Тұрлан Бейсенбаевтың айтуынан жазылып алынған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/37
8. Бет, жол саны, өлшемі
72; 30; 21х30; 10х25
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Кеңсе қағазына қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Мәулімнияз түсінде көрген аққу бейнесіне құбыла алатын Кенжекей атты сұлу қызды іздеп тауып, үйленеді. Бірақ берген сертін бұзған соң Кенжекей ұшып кетіп, ұлы Едігені тоғыз жолдың торабындағы терекке қалдырады. Баланы құсбегі асырап алады. Кейін Тоқтамыстың қаһарынан Құтты би Едігені аман сақтап қалады. Жетім өскен Едіге әділдігімен елге танылып, Тоқтамыстың қолына келеді. Өгей шешесінің жаласынан кейін елден кетуге мәжбүр болады. Жыр аяқталмай қалған, Едігенің Тоқтамыс ханның құзырынан кетуімен аяқталады.
13. Басы:
Ассалаума әлейкум! Әзіреті пірім-ай.
14. Соңы:
Біздің үйге қонып кет, Ертең ерте жүрерсің.
15. Қосымша мәлімет
Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш