Ертеде перзентке зар болған дәулетті әрі әулие бай түсінде аян алып, сапарға шығады. Жолда үш аққудың қызға айналғанын көріп, олардың киімдерін жасырады. Қыздардың ішінен Кенжекейді таңдап, оған үйленеді. Кенжекей екі шарт қояды: басына және өкпесіне қарамауды ескертеді. Бай сертін бұзған соң, Кенжекей құрсағындағы ұлын тоғыз жолдың торабында қалдырып, ұшып кетеді. Бай баланы тауып, кемпірге тәрбиелеуге береді. Бала ержетіп, Едіге атанады. Әділ билігімен елге танылған Едігені Тоқтамыс хан өз тәрбиесіне алады. Алайда ханның әйелі Едігеге ғашық болып, одан жауап ала алмаған соң, Тоқтамысты оған қарсы айдап салады. Досы Аңғысынның көмегімен аман қалған Едіге Сәтемір ханның еліне кетеді. Бірақ кейін Сәтемір де оның әйеліне қызығып, Едігені қауіпті сапарға жұмсайды. Әйелінің ақылдылығының арқасында Едіге бұл сынақтан да аман өтеді. Бұл нұсқада перзентсіздік, ғажайып туу, пері қызына үйлену, сертті бұзу, әділ билік айту, ханның әйелінің батырға ғашық болуы сияқты дәстүрлі эпикалық және ертегілік мотивтер кеңінен көрініс тапқан. Негізгі оқиғалар басқа «Едіге» жыры нұсқаларымен үндес болғанымен, Сәтемірдің де Едігеге қарсылас ретінде суреттелуі және ертегілік сарындардың басымдығы бұл нұсқаның өзіндік ерекшелігін танытады.