∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Едіге батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Едіге батыр
3. Авторы (Айтушы)
Қылышұлы Қартбай (1930–?) – Қарақалпақстандағы қазақ жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі, жыршы, эпостық жырларды орындап, халық мұрасын сақтаушы. Қарақалпақ АССР-і Қоңырат ауданының Тасбөгет ауылында дүниеге келген. Фольклортанушы Қ.Саттаров пен студент Ж.Әбдрахманова 1984 жылғы “Амудария құйылысындағы қазақтардың ауыз әдебиетін жинау” экспедициясы кезінде Қ.Қылышұлынан “Едіге батыр” эпосын жазып алған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Саттаров Қыдырәлі (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1990 жылы Ташкент қаласы, Ілтифат көшесі, 95-үйде Қартбай Қылышұлының айтуынан жазылып алынған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/46
8. Бет, жол саны, өлшемі
122; 27; 21х30; 17х23
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Кеңсе қағазына қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Батырлар жыры
12. Қысқаша мазмұны
Ертеде Хорезмде Тоқтамыс хан билік жүргізеді. Оның билігіндегі тоқсан бидің бірі Тұлымби қожа мен әйелі Наубахар перзентсіз болып, елден қуылады. Бір күні күңі Гүлнахал ағаш басынан ғайыптан туған баланы тауып әкеледі. Оның атын Рахымберді қояды. Кейін асық ойнап балаларды алдап ұтып жүрген Қиқымтас атты бала қорқып «едік-едік» деп қашқандықтан, Рахымберді Едіге атанып кетеді. Даңқы жайылған Едігені Тоқтамыс хан өз құзырына алады. Оған қастық жасағандар Едігені Төке кәпірдің еліне жұмсайды. Бірақ Едіге жауды жеңіп, Төке ханның қызына үйленіп, жеңіспен оралады. Бұл нұсқада батырлық ертегіге тән ғажайып туу, батырдың ерекше өсуі, оған жасалған қастандық, жауды жеңуі және батырдың үйленуі сияқты дәстүрлі мотивтер айқын көрінеді. Едігенің Түкті Әзіз бен пері қызы Шашты Әзізден тууы, анасының үш шартты бұзғаны үшін сәбиді ағаш басына қалдырып кетуі сияқты эпизодтар да кездеседі. Ерекшелігі – әулие мен пері қызының қонысы Хорезм аталуында.
13. Басы:
Бұрынғы өткен заманда Хорезмнің жұртында Тоқтамыс деген бір хан болған.
14. Соңы:
Едіге Айсұлумен бақытты жасап, мақсаттарына жетеді.
15. Қосымша мәлімет
1990 жылы Ташкент қаласы, Ілтифат көшесі, 95-үйде Қартбай Қылышұлының айтуынан жазылып алынған. Қолтаңба Әбдрахманова Жәмиләнікі.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш