Мәулімнияз түсінде көрген аққу бейнесіне құбыла алатын Кенжекей атты сұлу қызды іздеп тауып, үш түрлі тыйымды орындайтын болып үйленеді. Бірақ берген сертін бұзған соң Кенжекей ұшып кетіп, ұлы Едігені тоғыз жолдың торабындағы терекке қалдырады. Баланы құсбегі асырап алады. Кейін Тоқтамыстың қаһарынан Құтты би Едігені аман сақтап қалады. Жетім өскен Едіге әділдігімен елге танылып, Тоқтамыстың қолына келеді. Өгей шешесінің жаласынан кейін елден кетуге мәжбүр болады, досы Аңғысын Тоқтамыстың қастығынан сақтандырады. Жолда Сәтемірдің қызы Қағазды қалмақ батырынан құтқарып, Сәтемірдің тағына ие болып, Қағазға үйленеді. Олардың Нұрадын атты ұлы дүниеге келеді. Кейін Нұрадын Тоқтамыстан кек алуға аттанады. Бұл нұсқада Едіге жырының негізгі оқиғалары сақталғанымен, Мәулімнияздың жастай жетім қалып, Баба Түкті Шашты Тәжі деген әулиенің қолында тәрбиеленуі, Құттықияның інісі Құтты бидің ерлігі және Аңғысынның ақын ретінде суреттелуі сияқты өзіндік ерекшеліктері бар.