∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Бөгенбай батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Бөгенбай батыр
3. Авторы (Айтушы)
Мүсәпірұлы Құсайын — жыршы. Ұлан ауданында тұрған. Оның өмірбаяны туралы нақты деректер сақталмаған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Аманжолов Сәрсен (1903-1958) – ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (1954). ҚазПИ-де оқытушы, кафедра меңгерушісі (1931-1958), Ұлт мәдениетін зерттеу институтының директоры, ғалым-хатшы (1938-1942), КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында Тіл, әдебиет секторының жетекшісі болған. Ғылыми еңбектері қазақ тіл білімі мен әдеби тілі тарихының өзекті мәселелеріне арналған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1927 жылы жазылып алынған бұл нұсқа Сәрсен Аманжоловтың алғысөзімен 1935 жылы Алматы қаласында жеке кітап болып жарық көрді. Сол кітаптан көшірме Институттың қолжазба қорына 1969 жылы түскен.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
692
8. Бет, жол саны, өлшемі
67; 27; 28,5х20; 23,5х11,5
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Сары және көк кеңсе қағазына машинкамен жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Хиуа-қалмақ заманында Шетқурайды мекендеген Қанжы руының байы Маянның ұлы Бөгембайдың батырлығы мен жомарттығы елге жайылады. Әкесі өлген соң Бөгенбай ешбір ханға бағынбай, елін өзі басқарады. Бөгенбайдың уайым-қайғысы – баласыздығы еді. Құлжабек пен Есімбек Бөгенге қарсылық ойластырады. Қасқабай «күйеу бала» арқасында Құлжабектің Шетқурайда төре болғанын бұрыннан сыйласатын Шекті елінен батыры Сыңғыр кездейсоқ естіп, бұл хабарды Егіздің Сарыбайына жеткізеді. Сарыбай Шетқурайға аттанып, ағайындарының арасына жік түскенін көзімен көріп, оны Қалыбек пен Аналыққа баяндайды. Үшеуі ақылдасып, Дулаттардың ордасына барып болған жайды беттеріне айтады. Алайда Зейнептің арандатуымен Дулаттар оларға қарсы шығады. Қақтығыс барысында Қасқабай қаза табады. Бұл хабар Бөгенбайға жеткен соң Маян әулеті қол жинайды. Бөгембайдың батасын алған Сарыбай жасақты бастап шығады. Қанжы руының біріккенін көрген Зейнеп зәресі ұшып, Есімбек пен Құлжабек қашып кетеді. Қанжылар Зейнепті қолға түсіріп, шашын кестіріп, атқа жетектетіп алып жүреді. Зейнеп ақыры кінәсін мойнына алып, кешірім сұраған соң Бөгенбайдың батасымен Сарыбайға қосылады. Осы кезде Алшын елінен Бөгембайға қалмақтардың қысымы күшейгені туралы хабар келеді. Бөгенбай ақ туын көтеріп, төрт Шектінің елі Сыр бойына жетеді. Алтай байдың он мың жылқысын Сарыбайлар айдап алады. Алтайдың Қаншайым деген қызы Маянның жігіті Тыныбекпен көңілі жарасады. Сарыбай Тыныбек пен Қаншайымға бата береді. Қалмақ ханының тұқымы Бөгенбайдан кек алмақ болып Қанжы елін шабады. Бұны естіген Бөгенбай Сарыбайға хабар салып, елді көтереді. Шешуші шайқаста қалмақтың Қаранай батырына қарсы Бексұлтан жекпе-жекке шығып, жеңіп, елде бейбітшілік орнайды.
13. Басы:
Өтіпті-ау біздің қазақ жақсы жайдан, Естіген тамаша етіп қалар қайран.
14. Соңы:
Талайлар бізден бұрын өтіп кеткен, Түбіне сұм дүниенің жан жоқ жеткен.
15. Қосымша мәлімет
1927 жылы жазылып алынған бұл нұсқа Сәрсен Аманжоловтың алғысөзімен 1935 жылы Алматы қаласында жеке кітап болып жарық көрді.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш