Қалмақ патшасы Қара хан ноғай ханы Үрімге қазақ ханы Жаманкені тақтан тайдырып, елін шабуды бұйырады. Үрім билерінің кеңесімен Жаманкені өлтірмей, Терісақпа бойындағы Таспа тауына жер аударады. Сол жерде Жаманкенің ұлы Бозұғлан дүниеге келеді. Жеті жасында ол түсінде Ықылас ата Шашты Әзізден аян алып, Қара хан, Қара дәу мен Сары дәуді жеңу міндеті жүктеледі. Пірдің берген қасиетті аса таяғы мен кеуішінің көмегімен елге оралып, ата-анасының батасын алып, жауға аттанады. Жолда Үрім ханның еліне келіп, оның батырлары Қалқаман мен Қара дәуді жеңеді. Қара ханның қызы Қарашаш Бозұғланға ғашық болып, кейін екеуі некелеседі. Ал Үрім ханның қызы Айбарша да Шашты Әзіздің аянымен Бозұғланды күтіп алып, оған тұрмысқа шығады. Осылайша Бозұғлан пірлердің қолдауымен жауларын жеңуге кірісіп, ерлігімен ел қорғаны атанады.