Ертеде әрі әділ, әрі ақылды бір хан өмір сүріпті. Бір күні хан Қасым және Манап деген екі уәзірін шақырып алып: «Жомарттық байлықтан ба, әлде ниеттен бе?» – деп сұрақ қояды. Қасым мен Манап тұрып: «Тақсыр, жомарттық байлықтан туады», — дейді. Хан: «Жоқ, уәзірлерім, жомарттық ниеттен туады», — дейді. Уәзірлер ханмен келіспейді. Хан өз сөзін дәлелдеу үшін уәзірлеріне үлкен той жасаңдар дейді. Өзі диуана боп киініп алып, той жасап жатқан Қасым мен Манаптың үйіне барады. Екеуі де диуанаға бір тілім күйген нанды зорға береді де, үйіне қонуға ұлықсат етпейді. Содан хан түн ішінде бір қойшы баланың үйіне түседі. Ол астындағы төсегін қонағына салып, қонақасына диуана сұраған жеті қойдың бүйрегін алып береді. Азанда хан Манап пен Қасымды шақырып алып: «Түнде жеті қойым ұрланды, соны табыңдар»,– дейді де, қойшы баланың қойларының жоғын айтады. Уәзірлер көп қарап жүріп, базарда жеті қойдың терісі мен етін сатып тұрған баланы ұстап алып ханға алып келеді. Сол жерде барлық мәселенің беті ашылады. Хан Қасым мен Манапты жазалап, қойшы баланы өзіне бас уәзір етіп алады.