Бұл жырда Қарабайдың елі Қызылбас, Сарыбайдың елі турікпен. Содан кейінгі мазмұны Шөже нұсқасындай болып келеді де: Қарабайдың Ай, Тансық деген асыранды екі қызынын жермен қоштасқанынан Қарабайдың көші Қырғыз Алатауын, Торғайлы деген жерлерді аралап көшкенін байқаймыз. Жол-жөнекей Қодар мырза кездеседі. Қодардың елінде тоқсан мың халқы бар бай екені, қыз үшін өзін сатып «құл» аталғаны айтылады. Қозыны Қодар отарға тамақ пісіруге алып кетеді, Қозы Қодарды да, тоқсан серіні де алысқанда жеңіп отырады. Алты айдан кейін жылқышылар ауылға қайтады. Баян үшін Қозы мен Қодар таласады, сайыста еңгезердей Қодарды Қозы лақтай лақтырады, ызаға шыдай алмаған Қодар Тайлақ биге барып арыз айтады. Тайлақ би: «Су үшін қыз сұрағаның жарамайды, ақыңды ал да жайыңа жүр», — дейді. Сөйтіп Қарабай судың орнына Қодарға арақ-шарап береді. Қодар енді қулық ойлап арақты Қозыға беріп мас етіп, кегін алмақшы болады. Баянның айласымен Қозы Қодардан құтылып, Көктеректің түбіне барып жатады. Бәйбіше Қозыны алдырады. «Сегіз жеті» той қылып кеп жасаумен Баянды ұзатады. Қозы Баянды алып, еліне келеді. Қозы мен Баян шешесімен көріседі, халқымен қосылып үлкен той жасайды. Бұдан кейін Қозы елі-жұртына жақсы қоныс іздеп Алатауға көшеді. Баяннан Сайтүлек деген ұл туады. Ұлы ержеткеннен кейін Қозы мен Сайтүлек Қарабайдың елін іздейді. Қарабай жиені мен күйеуінің келгенін біліп, бәйбішесімен бірге алдынан шығады. Қозы мен Сайтүлек бір ай қонақ болып қайтады. Бірнеше уақыт өткеннен кейін, Қарабай тоқсан құлы тыңдамайтынын айтып Қозыға хат жазады. Қозы Аягөзге көшеді. Екі араз ел қосылып, татуласады. Құлдар Баянға келіп, Қодардың қастық ойлал жүргенін айтады. Сайтүлек Қодарды өлтіреді. Қарабай мен бәйбіше ажалы жетіп өледі. Қозы мен Баян біраз қызық көріп, дүниеден өтеді. Ел болып, Қызылқиядан тас тасып, Аягөзде Қозы мен Баянға бейіт соқтырады. Бұл екеуінің бейітінің арасында бір тікенек өседі. Ел аңызында оны Қодар деп болжайды.