Ноғайлының заманында Қарабай мен Сарыбай аңда кездесіп, құда болуға уәделеседі. Қарабайдың қатыны Мамабике ұл табады, Сарыбайдың қатыны Қаракөз қыз табады. Ұл мен қыздың атын Қозы, Баян деп қояды. Қарабай қатыным ұл тапты деп қуанып атпен шауып келе жатып өледі. Сарыбай: «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп көшіп кетеді. Сарыбайдың құлы Әлжаппар жер іздеп Аягөзді табады. Аягөздегі Сұлтанғазы мырза Сарыбайды ерулікке шақырады. Шақшақ байдың мырзасы Қодардың көзі Баянға түседі. Сол елдің 90 мырзасы Баянға ғашық болып, Сарыбайға жағынамыз деп малайлыққа жүреді. Қарабай берген Айбас құл Баянмен сөйлесіп Бақа Айғырға мініп Қозыға бармақшы болады. Баян берген сәлемдемелер жолда түсіп қалып, содан Домбыралы, Моншақты, Алтын сандық, Ақшатау, Ақжамшы, Қарқаралы-Қазылық, Баянтау деген жер аттары аталады. Қозы ұсталарға садақ жасатып алып атып жүргенде, бір кемпірден Баян туралы естиді. Шешесінен мән-жайды сұрап, Баянды іздеп шықпақ болады. Шешесі рұқсат бермейді. Қозы жылқыға барып жүгенін сылдыратса, бір күрең тай жалт қарайды. Тайға ер-тоқым салғанда дөнен болады. Қозы жолға шығады. Қозы тазша болып келіп Баянмен кездеседі. Қой шетіне күйме тіктіріп, екеуі үш жыл өмір сүреді. Елде бір ас болады. Қодар мен Сарыбай Қозыны өлтірмек болады. Меккеден қайтқандар тілек тілеп, екеуін қайта тірілтеді. Сарыбайдың аулында күйеу болып жиырма жыл тұрады. Қозы Баянды алып өз еліне аттанып, қорлық көрсеткен Жидебайды өлтіреді. Отыз бір жыл өткенде малын үшке бөліп, бір бөлігін Айбасқа беріп, қалғанын кедейлерге үлестіреді. Аягөзге жеткенде Қозы өледі. Керуеншілер келіп Баянға таласқанда, Баян там тұрғызғанға, сосын ақылы асқанға тиемін деп мазарға кіріп тасқа айналады.