∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Батыр Баян / باتىر بايان

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Батыр Баян / باتىر بايان
3. Авторы (Айтушы)
Барболұлы Темешәлі (1911–2007) – Көкілташ және Қарнақ медреселерінде білім алған діндар, сауатты ұстаз, репрессия құрбаны, шежіреші және экономист. Сарысу ауданы алғаш құрылған жылдары аудандық оқу бөлімінің басшысы, мектеп директоры (Бауыржан Момышұлымен бірге қызметтес болған) және аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.1932–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде халыққа ауыр салық салып, жұмысқа жегуге наразылық білдіргені және діни наным-сенімі үшін «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 10 жылдан астам уақыт Қарлагта жазасын өтеген. Тұтқында жүріп сауаттылығы арқасында есепші, экономист болған. Соғыс жылдарында Қарлаг басшылығына Бетпақдала жайылымының тиімділігін дәлелдеп, хат жаздыру арқылы лагерь малын аман алып қалуға себепкер болған. Долинка мен Арқа өңірінде «АЛЖИР» лагеріне айдалған Алаш арыстарының әйелдерін (Б. Майлиннің жары Күлжамал, Ж. Сәдуақасовтың жары Елизавета т.б.) қабылдап алуға қатысып, олардың аман қалуына көмектескен. Лагерьден босаған соң ұзақ жылдар бойы Жәйрем кен-байыту комбинатында экономист болып жұмыс істеді. Зейнетке шыққаннан кейін Жәйрем мешітінің алғашқы имамы болып, өңірде діни уағыз айтып, ақсақалдық құрған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Есжанұлы Кенжеғали – айтыскер ақын, мәдениет қызметкері. Өзі жазған мәліметтер бойынша, бұрынғы Орынбор облысы, Адамтау ауданы, Әйке-Шалқар ауылында 1924 жылы дүниеге келген. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін, өз шығармаларын тапсырған
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1971 жылы 11 қарашада жазылған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
732
8. Бет, жол саны, өлшемі
14; 30; 26,2х19; 25х17
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Бір жолды дәптерге көк сиямен, қара қарындашпен араб әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Араб әрпінде
11. Жанры
Дастан
12. Қысқаша мазмұны
Алыстан қытай, орыс, жақыннан қалмақ шауып, елдің тыныштығын бұзады. Абылай хан қалмақтарға қарсы жорыққа дайындалып, ордаға батырлар мен билерді жинайды. Олардың арасында шешен Қанай, би Толыбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жанатай, Сары Малай, Жәнібек, Елшібек, Оразымбет, Жәпек батырлар болады. Қанайды Абылайға жауға аттануға дайын екендіктерін білдіруге жібереді. Абылай хан: «Болаттай қайнаған Баянсыз қанатым жоқ сияқты», – деп Баян батырды күтеді. Баян батыр тұтқынға түскен қалмақ қызын қарындасындай көреді. Оның інісі Ноян қызға ғашық болып, екеуі бірге қашып кетеді. Қыз туған еліне оралуды армандап, Ноянды өзімен бірге кетуге көндіреді. Мұны естіген Баян олардың соңынан қуып жетіп, ел намысын жоғары қойып, екеуін де өлтіреді.
13. Басы:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға
14. Соңы:
Ерлерді ұмытса да, ел ұмытпас
15. Қосымша мәлімет
Қолжазбаның соңғы бетінде “Қолжазба иесі Жаңаарқа ауданының Қызылжар станциясында тұрушы Темешәлі Барболұлы” деген жазу бар. Ақын Мағжан Жұмабайұлының авторлығын айтуға болмайтын 1971 жылы жазылған.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш