Сыдиықұлы Қабиболла (1934–2002) – қазақ әдебиеті тарихын, Батыс Қазақстан өңіріндегі ақын-жыраулар мұрасын зерттеген ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ауыз әдебиеті үлгілері мен халық ән-күйлерін жинаушы. Атырау облысы, Жылой ауданы, Қарақұм аулында туған. 1955 жылы Атырау пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін, 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1959-1985 жылдар аралығында Атырау, Орал, Түркменстан, Қарақалпақстан фольклорлық экспедицияларына жетекшілік етіп, ақын-жыраулар мұрасын, халық әндерін, домбыра күйлерін, шежірелер мен тарихи деректер жинады. Шафиғи Мақсұт Әминұлы – көне қолжазбалар маманы, ауыз әдебиетін жинаушы және зерттеуші. Пекиннің халықаралық қатынастар университетінің араб тілі факультетін бітірген. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба бөлімінде қор сақтаушы, ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.