∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Ағыбай батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Ағыбай батыр
3. Авторы (Айтушы)
Орындаушысы. Қармысов Сансызбай.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Қанағатов Телмұхамед (1919-1981) – әдебиеттанушы, қолжазбатанушы, халық мұраларын жинаушы. Бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы Қарақол ауылында дүниеге келген. 1930-жылдардың басында отбасы Қытайға қоныс аударып, балалық және жастық шағы Шәуешек қаласында өтті. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, кейін Қытайда жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды. 1961 жылы тарихи отаны Қазақстанға көшіп келеді. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология бөлімінде ғылыми қызметкер болып істеген (1961-1980). Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамаларын дайындауға, «Қазақ ертегілері» мен «Қазақ айтыстары» жинақтарын құрастыруға қатысты. Бекхожина Талиға (1919-1995) – музыкатанушы, қазақ фольклорының, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы, әнші. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тамамдап, ұзақ жылдар бойы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарды. Ол ауыз әдебиеті үлгілерінің ноталық жазбаларын жасау арқылы қазақ жырлары мен өлеңдері үлгілерінің, айтушылардың әуендеріне мәңгі өмір сыйлады. Бекқожина «Қазақтың 200 әні» (1972), «Қазына» (1979), «Шәкәрім» (1989), «Даланың назды саздары» (1996) атты жинақтарды құрастырып, жарыққа шығарды.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1964 жылғы Семей экспедициясы. 1964 жылы импровизатор ақын Қармысов Сансызбайдың орындауында үнтаспаға жазылған. Үнтаспадан қағазға түсірген – Талиға Бекхожина.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
643
8. Бет, жол саны, өлшемі
15; 25; 20х30; 8х22
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Кеңсе қағазына қара сиямен машинкаға басылған.
10. Қолжазба графикасы
кирилл әрпінде
11. Жанры
тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Ағыбай батыр Күншығыстағы бір елде жүйрік, аса тәуір жылқы бар дегенді естіп, қасына жеті жігіт ертіп сапарға аттанады. Бұлар біраз жол жүрген соң, бір адамды қарауыл қойып, демалады. Қарауылда тұрған адам соларға қарай бір атты адамның келе жатқанын көріп, Ағыбайға хабар береді. Жігіт келіп батырларға сәлем береді де, жүгенін басына қаңтарып, жеңін жастық қылып жата кетеді. Таң атқан соң асулы етті жейді де, атына мініп, ештеңе айтпастан кетіп қалады. Ағыбай жігітті қуып жетеді. Жігіт: «Хош келдің, ағеке!» – дейді де, екеуі үнсіз келе жатқанда, алдарынан қаша жөнелген бір құланды көреді. Екеуі құланды ұстап, асып жейді де, ұйықтап қалады. Ертеңіне бір өзенді жағалап келе жатса, қамыс арасынан бір жолбарыс шыға келіп, бұларға шаппақ болады. Сол кезде жас жігіт оны шоқпармен салып қалып, өлтіреді. Екеуі келе жатып жылқылы ауылға тап болады. Тігілген ақ ордаға кірсе, кезінде жігіттің өзіне қастық жасаған жиенінің үйі болып шығады. Жас жігіт жиенін өлтіріп, кегін алады. Көп жылқының ішінен Қызылауыз атты таңдап алып, еліне қайтады.
13. Басы:
Атақты ер Ағыбай шұбыртпалы, Екеу ме сол күндегі ердің жаны.
14. Соңы:
Қимылда, қызыл тілім, келсе шамаң, Тегінде ерлік қылған ата-бабаң.
15. Қосымша мәлімет
Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш