Бұл айтысқа 1913 жылдар шамасында бірнеше ақын қатысқан. Шораяқтың Омарының Әбішке жазғаны, Таубайдың Жүсібінің Әбішке жақтасып Шораяқтың Омарына жазғаны, Ыбыраш Ержанұлының Омарға жақтасып Таубайдың Жүсібіне жазғаны, Таубайдың Жүсібінің Ыбыпашқа жазғаны, тағы да осындай боп бірін-бірі жақтасқан айтыс көпке созылады. Айтыстың жалпы мазмұны бір-біріне ақыл-кеңес, ғибрат сөздер айтудан ары аспайды. Бір-бірмен орынсыз сөз таластыру жағы да өршіп отырады. Халық қамын, ел тауқыметін артқан, шаруа қамын, ел қамын, ерлер қамын ойлап айтқан, тебіренген терең ой айтыста байқалмайды. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов аралық сөз айтқан. Ел арасын шағыстырудан, егестен туған айтыс үлкен мазмұнға құрылмаған. Айтыс толық он бір буынды қара өлең үлгісімен құрылған.