Абай адамды бағалағанда, бай, кедейлігіне қарамайды екен. Әнет Өмірбек деген кедей адамды сөзге тапқыр, шыншыл қасиеттеріне қарап, Абай оны қатты құрметтейтін, мәжілістерге қатыстырып, кейде онымен жеке сырласатын да болған. Оны көпшілігі жақтырмаған. Атақты Әнет бабаның тұқымы болғандықтан, ел оны Әнет Өмірбек деп атапты. Абай көпшіліктің жақтырмайтынын біліп: «Менің білмегенімді осы Өмірбек біледі, білмегенімді осыдан сұрап аламын» деп тойтарыс беріп отырған. Бір мәжілісте сөздің реті келіп қалып, Өмірбек Абайға: «Абай, атаң шөккен түйеге міне алмайтын деуші еді. Сен қайдан жақсы болып тудың?» – депті түйеден түскендей етіп. Көпшілік жақтырмай, «Бұған Абай не айтар екен?» деп дуылдасып қалады. Сонда Абай: «Бұл Өмірбек дұрыс айтып отыр, – дегенде, бәрі не айтар екен деп таңырқап қалады. «Айдос бабамды айтқаны емес пе», – деп Абай үнсіздікті бұзғанда, отырғандар Өмірбек сөзінің төркінін енді ғана ұғып, ойлары Абайдың төртінші атасы Айдосқа ауып, «Абай одан әрі не айтар екен?» десіп аңырап қалған. «Ей, Өмірбек! – депті Абай сөзін жалғастырып, – Ер тағайына (ұлы нағашына) тартады екен. Менің ұлы нағашым керей Ер Жәнібек қазақтан асып туған. Қазақта Сырым батырдан басқа, үш қасиетті бірдей ұстаған ер Жәнібек қана. Ер Жәнібек әрі батыр, әрі ақын, әрі шешен атаныпты, осы үш қасиеті маған келмеді деймісің?» – деп сөзін аяқтапты.