Жасы 80-ге келген Қашаған ақынға Ізбас бай тіл тигізе сөйлейді. «Қашқаныңа қоймайтын мына менмін, айтысайық», – деп өктеммен сөйлейді. Қашаған өз кезегінде байлықтың буына мастанған, жастықтың желігімен намысын қорлағысы келген Ізбастың кім екенін әшкере етеді. «Қобыланға тиіскен қарғадай болма», «Жапалақтың аң алғанын көрмеп ем», «Маған соқтығам деп елге бекерге күлкі болдың», – деп келемеждейді. Ізбастың айтқан бір ауыз өлеңіне Қашағанның жауабы ұтымды да өткір шыққан. Қашағанның сөзі – ақынның төкпелігін танытатын жолдар.