Рауан әрі патша, әрі батыр, оның билігіне тоқсан шаһар қарайды. 40 әйелінен екі қыз, бір ұлы болады. Дәулеті мен атағы, даңқы шар тарапқа тарайды. Рауан бір күні батырлармен аң аулауға саяхат жасайды. Алдарынан гауһар мүйізді бір киік қашады, соны қуа-қуа бұлар адасады. Патша киікті Қарақасқа тұлпарымен бірнеше күн қуып жете алмайды. Ақыры киік бір қалаға келіп тығылады. Рауан киікті қуа-қуа қалаға келеді. Келсе ешкім болмай шығады. Қаланы аралап жүріп, сарай ішінде отырған бір сұлу қызды көреді. Қызды қаланы жалмаған айдаһардан құтқарады. Патша жолдастарын тауып алып, үйіне келсе, балалары жоқ, кім ұрлағаны белгісіз. Сұрау салғанымен табылмайды. Олжалаған сұлу қызбен дәурен сүріп, патшалығын құрып жата береді. Бірақ патша барған сайын шөптей қурап, жүдей береді. Ауруын қаратуға Үңгіртастағы әулиеге барады. Әулие бал ашып, патшаның үйленген сұлуының айдаһар екенін, амалын тезірек жасамаса ажалының жақын екенін айтады. Рауан патша үйіне келіп, әулиенің ақылымен темір үй салып, қызды темір үйдің ішіне кіргенде өртеп өлтіреді. Күндердің бір күнінде үйіне келген бір мейманның залымдығынан Рауан патшаның екі иініне жылан пайда болып, күніне екі адамның миын жейді. Рақия дейтін бір ақылды әйелдің көмегімен патша бұл жыланнан да көп бейнет көріп, зорға дегенде құтылады. Рауан патша енді балаларын іздеп, ұзақ сапар шегеді. Қойқап тауының етегіне, патша арып-шаршап, әлсірей жығылады. Осы кезде таудың күзетшілері дию-перілер келіп, Рауанды ұры деп Уақап патшаға апарып, зынданға салады. Зынданда Нөсен патшамен танысады. Нөсенмен дос болады. Бір күні Уақап патша Рауанды шығарып алып, бар сырын ашып, балаларының тірі екенін айтады. Осыдан кейін бұл екеуі де достасып, сауық-сайран құрады. Бұлар осылай қызықтап жатқанда, Рауанды аңдып жүрген жылан малғұн қыз болып келіп, соғыс ашады. Дию-перілер қаптайды, жер бетін өрт шалады. Рауан патшаның екі қызының асқан ерлігімен, баяғы Рақияның көмегімен сұм жыланды тағы өлтіреді. Рауан патша 9 жыл мехнат көріп, Уақап, Жирентай патшаның достық жәрдемімен аман-есен балаларына қосылады. Асыл жиһаздарымен еліне қайтып, сиқырлықпен тас қылып тастаған ауыл-аймағын тұтқыннан босатып, мұратына жетеді.