Аңызда Жуантөбенің Бетпақдала жақ бөктерінде Тізебүккен деген бұлақтың аталу тарихы туралы айтылады. Жергілікті қарияның айтуы бойынша: Сарыарқаға бет алған керуендер, жолаушылар жазық далада шаршап-шалдығып, маңдай тіреп, тізгін тартар мекенді, тізе бүгер орынды сағынышпен аңсайды. Ұзақ жол жүріп, дамыл алатын жер осы мөлдір бұлақтың басы болады. Сондықтан да бұл бұлақ «Тізебүккен» деп аталады.