Жаңбыршы батырдың жасы жетпіске келгенде, оның жалғызы Телағыс 15 жасқа толады. Телағыс әкесіне «жасым жетті, енді жауға аттанам» деп тілек қояды. Әкесінен рұқсат алып, ер қаруы бес қарумен қаруланып, екі айшылық жердегі Беген қалмақтың еліне аттанады. Қалмақтың Беген батыры «Ноғайлар келе жатыр» дегенді естіп, мың кісімен шаһар шетіне шығады. Телағыстан жөн сұрайды. Үш мың кісі 30 кісі ерткен Телағыс батырға жабыла ат қояды. Қырғын соғыс басталады. Қырылған қалмақтың жосадай аққан қанына ат тұяғы боялады. Беген бастаған қалмақтар жеңіліп, шаһарға қашады. Оны Телағыс қуып жетіп, жекпе-жекке шақырады. Ат үстінен алысып, найзаменен шаншысып, бірін-бірі алыса алмайды, аттан түсіп, жаяу алысады. Беген жығылады. Телағыс Бегенді өлтіріп, шаһарын, елін өзіне қайтарады. Мұсаның отыз ұлымен көп олжа алып, еліне қайта оралады. Арада бірнеше жыл өткен соң, Жаңбыршы өлер халге жетіп, Мамайды шақыртады. Көзінің тірісінде Телағысты Мамайға тапсырады. Бірнеше жыл өткен соң Телағыс Мұсаның қызы Ақбілекті алмақ болады. Оған Қарасай-Қази, Мұсаның отыз ұлы қарсы болып, Телағысты қапысын тауып өлтіруге қайла жасайды. Бұны білген Мамай қарт Телағысты шақырып алып, Еділ бойына көш деп ақыл айтады. Телағыс Мамай қарттың ақылына көніп, Қырымдағы Ноғайлыға көшіп кетеді. Онда орныққан соң, Қырымның қырық батырын алып, Қарасай-Қази мен Мұсаның отыз ұлынан кегін алу үшін Қобдаға қайта қайрылады. Ақбілекті қалыңмалсыз беруге шарт қояды. Екі жақ егесіп, шеру тартып соғыспаққа айналғанда, Сыпыра жырау мен Мамай қарт ара түсіп, ақыл айтып, Қарасай-Қази және Мұсаның отыз ұлымен Телағысты татуластырады. Ақбілекке қалыңмал үшін 150 қой, 50 жылқы және Мамай қарт пен Қарасай- Қазиларға көп дүние, сыйлық тартады. Сонымен қалың батыр қолдарын қанға батырысып, тату-бірлікке келеді. Телағыс пен Ақбілектің тойын тойлап тарқасады.