Хандыққа өкпелеп көшіп кеткен Уәлі шабындыда қаза табады. Жетім қалған жас Әбілмансұр ел іздеп, Үйсін Төле бидің ауылына келеді. Ол өз тағдырын айтып, әке-шешесіз өскенін, аты-жөнін де білмейтінін жеткізеді. Сонда Төле би оған «Сабалақ» деген ат қояды. Осыдан кейін Сабалақ Төле бидің малын бағып жүреді. Оның жүріс-тұрысы мен іс-әрекеті Төле бидің назарын аударады. Бірде Төле би асқа барып қайтар жолда Сабалақты сынамақ болады. Жылқыға келсе, Сабалақ аяқ-қолын төрт тарапқа созып ұйықтап жатыр екен. Мұны көрген би: «Бұл бала түбінде төрт тарапты билейді екен» деп ой түйеді. Бір күні Сабалақ мал бағып жүргенде екі баран, бір қызыл атты үш адамға жолығады. Олар қашқан қалмақтың артынан қуып бара жатқан Қанжығалы қарт Бөгенбай мен серіктері екен. Батыр Төле биге сәлем беруге арнайы бұрылады. Кейін Төле бидің рұқсатымен Сабалақ Бөгенбай батырға еріп аттанады. Қалмақтарды қуып жеткен соң, Сабалақ екі түйені жүгімен олжалап Бөгенбайға сыйға тартады да, батырдан бата сұрайды. Бөгенбай Сабалаққа батасын беріп, астындағы Нарқызыл атын сыйлайды. Сондай-ақ Төле биден келесі жылы өтетін бүкіл қазақтың құрылтайына Сабалақты жіберуді өтінеді. Соғыс басталар шақта Сабалақ Нарқызылды мініп, қазақ қолына келіп қосылады. Жекпе-жекте қалмақ жағынан Қасқа атты алып батыр шығып, қазақтың жеті батырын жеңеді. Оған қарсы шығуға ешкімнің батылы жетпейді. Сол кезде Сабалақ ханнан бата алып, «Абылайлап» жауға қарсы шабады. Ақыры қалмақ батырын жеңіп, басын кесіп әкеледі. Осы жеңістен кейін қазақ әскері қалмақ ауылын шауып алады. Соғыс аяқталған соң Әбілмәмбет хан Сабалақты шақыртып, жөн сұрайды. Сабалақ өзінің ата-тегін, мән-жайын хан алдында баяндайды. Хан жылап көрісіп: «Атаңның өкпелегені осы еді» деп, астындағы тағын береді. Сөйтіп Абылай хан атанып, үш жүздің басын қосқан хан болады.