Баяғыда Арқада өмір сүрген жұрт ел қорғайтын батыры болуын арман етіпті. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы бала дүниеге келеді. Бала күн санап өседі. Туған-туысқандары баланы «Толағай» деп атайды. Бір күндері елде қуаңшылық болып, ел күйзеліске ұшырайды. Еліне көмегін тигізгісі келген Толағай дана ақсақалға барып, ақыл сұрайды. Ақсақал жаңбырдың жоқтығы таудың болмауынан екенін айтады. Толағай ақсақалдың нұсқауымен Алатауға барып, еліне тау беруін өтінеді. Баланың ерлігіне риза болған Алатау бала тауды Толағайға арқалатып жібереді. Ұзақ жол жүрген Толағай елінің шетіне іліне бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де, ұйқыға кетеді. Арқасындағы таудан басылып қалған Толағай күні бүгінге дейін ұйықтап жатыр дейді. Сол тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.