Жинаушысы: Тілеужанов Мәтжан (1927-1995) – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол Батыс Қазақстан аумағынан фольклорлық мұраларды ұзақ жыл бойы жинап, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған. Сондай-ақ республикада тұңғыш рет «Этнопедагогика және фольклор» кабинетін ұйымдастырып, ел ішіндегі қолөнер туындыларын жинаған. Тапсырушысы: Ғұмарова Мәлике (1918-1987) – фольклортанушы, текстолог ғалым, филология ғылымдарының кандидаты (1953). Бұрынғы Орал облысы, Орда ауданында туған. 1943-1987 жылдары Қазақ ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының Текстология, қолжазба бөлімінде жұмыс істеген. «Жамбыл шығармалары» жинағын, «Көрұғлы», «Қамбар» т.б. батырлық жырын құрастырған. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасына» батырлық, ғашықтық жырларға сипаттама жазды. «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларының ғылыми басылымын дайындады. Халық ақындарының өлеңдері мен айтыстарын жинады. ОҒК және ӘӨИ Қолжазба қорларындағы сирек қолжазбаларды жүйелеген.