Тұрмысы орташа, екі баласы бар бір кісінің жасы қырықтан асқанда, әйелі қайтыс болыпты. Біраз уақыт әйел ала алмай жүреді. Оған себеп қыз алып, қалыңмал беруге күші жетпейді. Жесір әйел алайын десе, сиысып өмір сүріп кете ала ма, ол да белгісіз. Осы ойлармен жүргенде, есіне Мөңке би түседі. Мөңкенің аулына келеді. Келсе, Мөңке би атпен ел шетінде серуендеп жүр екен. Ат үстінде кездесіп, сәлемдесіп болғаннан кейін, Мөңке би жөн сұрайды. Мөңке аз ойланып, анадайда ойнап жүрген балалардың арасындағы ақ көйлекті баланы нұсқайды. Содан ақыл сұрау керектігін айтады. Шаруа аң-таң болып, сегіз жасар баладан ақыл сұрауды ерсі көреді, бармайын десе, би сырттан қарап тұр. Ақыры не де болса, көрейін деген оймен ақ көйлекті баланы жанына шақырып алады. Бала шаруаның сөзін тыңдап, жауап берген соң, шыбық атын бір салып, балаларға қарай шауып кетеді. Шаруа кісі аң-таң болып: «Бидің мені мазақтағаны ғой» деп ойлап, үйіне қайтпақ болып, жолға түседі. Мөңке қолын бұлғап шақырып алады да, баламен не сөйлескенін сұрайды. Шаруа ештеңе түсінбесе де, бала екеуінің арасындағы әңгімені тәтпіштеп жеткізеді. Мөңке «Жеңгеңді алсаң, мен білемін дегені – жеңгеңнің жолы үлкен, билікті соған беріп отырасың дегені ғой. Ал қыз алсаң, сіз білесіз дегені – барлық билікті сізге беріп отырады дегені. Енді аяғынан жүрген әйел алсаң, піштіру-міштіру деп шауып кеткені – аяғынан келген әйел сізге бағына қоймайды, егер қабақ шытысып қалсаңыз «әдіра қалғыр, маған қалың төлеп, малың күйіп пе еді» деп буыншақ-түйіншегін арқалап кетіп қалады деген сөзі» деп баланың сөзін түсіндіріп береді. Шаруаға ақыл берген бала атақты Ержан би болатын.