Ел арсында Мауқай Тоғайбайұлы деген сөзге шешен адам болған екен, оны «Мауқай қу» деп атаған екен. Бұл Мауқайдың ата-тегі Келдібек бидің алты баласының бірі Асаннан тарайды. Сол Мауқай орта жасқа келіп қалған шағында бір күні Абай ауылына ат басын тірейді. Абайдың қызметшілері шығып, Мауқайды аттан түсіріп, атын байлайды. Ал Абай Мауқайдың жасының өзінен кіші екенін ескеріп, алдынан шықпай, үйде жатады. Сонда Мауқай есікте кілт тоқтап: «Сен туғанда азан шақырып қойған атың «Ибраһим» еді. Кейіннен дүниенің төрт бұрышын абайлап тұрсын деп «Абай» қойған еді. Сен Өскенбай мен Құнанбайдан аса алмай қалған екенсің» деп сөзбен түйрегені әңгіме болады.