Ертеректе Көктеубай деген ақсақал алыстағы құдасын іздеп барыпты. Құдасы қуанып, қол қусырып, тайын сойып, кішігірім той жасайды. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша құдалары сыйлап, қонақасыны молынан асып, тайдың етін тайқазанға толтыра салады. Шаршап-шалдығып, ашығып келген Көктеубай жас жылқының етін ашкөздене жеп, сорпасын көбірек ішсе керек, асқазанына жақпай «қозғау салыпты». Жұрт ұйқыға кеткен кезде Көктеубай қарт ауырып, сыртқа шықпақ болады. Қараңғы үйдің есігін таба алмаған қу тілді қарт құдағиына арнап әзіл өлең айтады. Бір жағы әзілге, бір жағы шындыққа жанастырып айтқан әзіл өлеңді естіген құдағи орнынан тұрып, шамын жағып, есікті ашып, құдасы сыртқа шыққан екен.