Қалмақ ханы Ғалдан Церен қайтыс болып, дәстүр бойынша хан тағына оның туыстарының отыруы керек болады. Ғалданның Әмірсанадан басқа баласы жоқ, мұрагер сол ғана. Бірақ ел «Әмірсана қазақ нәсілі, оны сайлай алмаймыз» деп Әмірсананы мұрагер деуден үзілді-кесілді бас тартады. Әмірсананың қазақ екені туралы әңгіме бар екен. Әмірсана елі өзіне бағындыра алмайды, хан тағына оған байланысы жоқ біреу отырады. Амалсыздан сырттан көмек іздеуіне тура келеді. Әкесі Ғалдан хан өзі достастырған, одан кейін ұзақ уақыт достық қарым-қатынас жасап келген Абылайға барады. Ол досын ықыласпен қарсы алады, оның елін өзіне қаратып беру шараларын ойластырады. Бірақ қалмақтардың қарындастық сөзін қабылдамайтынын, тіпті оның арты ренішке соқтыратынын білген Абылай осы жөнінде орыс патшалығымен ақылдасуды ұйғарады. Бұл ұйғарым Әмірсанаға да ұнайды. Хандық лауазымы үшін екі елді жауластыруды екеуі де лайық көрмейді. Орыс патшасына өкіл жібереді. Ол генерал бастаған әскери топ жіберіп, «қалмақтар ризалықпен бағынбаса, күшпен еріксіз бағындырыңдар!» – деп тапсырады. Орыс, қазақ елшілері Әмірсананың өзін ертіп, қалмақ еліне аттанады. Әмірсана еліне жетпей, жолда дүние салады.