Исмен шаһарының патшасы Қайдар әділдігімен елге сүйікті болады. Үйленерде сұлу, ақылды әрі өзіне екі ұл, бір қыз сыйлайтын қызды алуға шарт қояды. Уәзірлері кедей отбасындағы ақылды Мақпал қызды тауып, патша оған үйленеді. Мақпал екі егіз ұл – Қамит пен Уәлиәтті, кейін Сымбат атты қызды дүниеге әкеледі. Қартайған шағында Қайдар патша патшалығын екіге бөліп, ұлдарын билеуші етеді. Жылдар өткен соң Уәлиәт әйелінің опасыздығын көріп, оны өлтіреді. Кейін ағасы Қамит те әйелінің адалдығынан күмәнданады. Содан екі ағайынды әйел атаулыға сенбей, күн сайын бір қызға үйленіп, келесі күні өлтіріп отыруға серт береді. Кезек бас уәзірдің ақылды қызы Көріпкелге келгенде, ол патшаға бірінен соң бірі жалғасқан 41 ертегі айтып, уақыт ұтады. Осы аралықта патшадан ұл табады. Көріпкелдің ақылдылығы мен адалдығын көрген Қамит патша әйелдердің бәрі бірдей емес екенін түсініп, оны өлтірмей, мәңгілік жары етеді.